ОҚУШЫНЫ ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДЕГІ ТІРЕК МЕКТЕБІНІҢ (РО) ТИІМДІ ТӘЖІРИБЕСІ
Абильдаева Гульнара Жақсылыққызы
Жамбыл облысы Жуалы ауданы №25 Ақтөбе тірек мектебі (РО)
Жас ұрпақты қоғамдық өмірге ерте кезден араластыру - өз еліне, туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке баулу, ел азаматтарына,еңбек ардагерлеріне деген құрметтеушілік, ізгілік ниеттерінің орнығуына, қысқасы, «өмір мектебінің» баспалдағынан біртіндеп қуат алып, оның қыр- сырымен танысуға мүмкіндік туғызады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр» - деген (2020 жылғы 1 қыркүйек). Бұл қазіргі таңда бәсекеге қабілетті әлемдік стандарттар талабына сай келетін білім беру мен тәрбие кеңістігін құру. Осы бағытта, жастарды бүгінгі қоғамға лайық, жан-жақты дамыған азамат тұлғасын қалыптастыру жолында Жамбыл облысы Жуалы ауданы №25 Ақтөбе тірек мектебінің (ресурстық орталық) іс-тәжірибиесі дәлел. Жақын орналасқан шағын жинақты мектептерді біріктіретін, білім беру ұйымы болып табылатын тірек мектептер (ресурстық орталықтар) оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне, әлеуметтік құзыреттілік сапаларын қалыптастыруына, педагогикалық ұжымның кәсіби деңгейінің артуына жағдай туғызады.
№25 Ақтөбе тірек мектебінің (ресурстық орталық) ең алғашқы баспалдағы бастауыш мектеп ретінде, кейін орталау мектеп, келесі кезекте орта мектеп болып қайта құрылған оқу ошағы 2013 жылы жаңа үлгіде бой көтеріп, пайдалануға берілген жаңа ғимаратқа орналасты. Осы айтулы оқиға мектеп тарихының жаңа парағын ашып, оқу-тәрбие үдерісіне жаңа серпіліс берді. Оқу-тәрбиелеу ордасы да заманға сай түрленіп, материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылды. 2013-2014 оқу жылы мектеп ресурстық орталық статусын иеленіп, №23 Алатау орта мектебі және №26 Жаңаталап орта мектептері магниттік мектеп ретінде кіріктірілді. Қазіргі таңда ресурстық орталықта жаңа модификациялық физика, биология, химия, лингофонды-мультимедиялық және компьютерлік кабинеттер, IT және робототехника сыныптары бар. Сонымен қатар оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың кәсіби қызығушылығын қалыптастыруды іске асыруға бағытталған арнайы жабдықталған зертханалық кабинеттер, спорт зал, акт залы және оқу залдары қолданыста. Тірек мектепте (РО) интернет желісі мен ақпараттық кеңістігі жоғары сападағы жүйеге қосылған.
Тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) кадрлық, материалдық-техникалық құралдарын ортақтастыра пайдалана отырып дамыту мен демалыс жұмыстары арқылы оқу сессиясы уақытында магниттік мектеп оқушылары үшін ғылыми-шығармашылық зертханалар, әртүрлі бағыттағы тәрбие жұмыстары ұйымдастырылып, әртүрлі білім және өнер сайыстарын, жобаларды қорғау іс-шаралары өткізіледі.
Тірек мектебіндегі (ресурстық орталықтағы) білім беру үдерісі 3 (тағайындаушы, оқу, қорытынды) сессиядан және сессияаралық мерзімнен тұрады. Сессияның ұзақтығы тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) Үйлестіруші Кеңесі бекіткен оқу үдерісінің кестесіне сәйкес 3-10 күн аралығында тағайындалады. Сессия кезінде оқушылар базалық пәндер бойынша оқу үдерісінде қиындық туғызған мәселелерді игеруге білікті әдістемелік көмек алады, бейін ауқымында практикалық дағды меңгереді.
Тағайындаушы сессия оқу жылының басында өткізіледі. Сессия басталғанға дейін оқушыларды функциялық сауаттылығы мен білімділік деңгейіне кіру тестісі жүргізіледі. Осы тағайындаушы сессия кезінде кіру тестісінің нәтижелері ескеріліп, сессия жұмысы оқушылардың біліміндегі жетіспеушіліктерді толықтыруға бағытталады.
Оқу сессиясы оқу жылының ортасында өткізіледі. Оқу сессиясы оқушылардың оқып – үйренетін пәндерінің практикалық бағытталуын тереңдетуді көздейді. Химия мен физикадан зертханалық және практикалық жұмыстар, математикадан практикумдар, қоғамдық пәндерден тренингтер, жобалаушы іс - әрекеттер қолданылатын сабақтар өткізіледі. Сабақ циклдық - модульдік үлгіде тірек және магниттік мектептердің мұғалімдерінің күшімен ұйымдастырылады, бұл магниттік мектеп оқушыларын жаңа ортаға психологиялық бейімдейді. Сессия қорытындысы бойынша оқушылардың білімділік деңгейі анықталып, сессияаралық мерзімде оқу қиындықтарын болдырмау ұсыныстары беріледі.
Қорытынды сессия оқу жылының аяғында өткізіледі. Оқытудың жеке оқу маршрутын жүзеге асырудың қорытындысы жасалып, базалық пәндер және таңдау курстары бойынша түйінді мәселелер айқындалады. Кеңес беру сағаты ұйымдастырылады. Ал сессияаралық мерзімде оқушылардың оқу – танымдық іс - әрекеті тірек мектептерінің мұғалімдерінің қолдауымен шағын жинақты мектептерде қашықтан оқыту арқылы жүреді.
Тірек мектеп (РО) мұғалімдерінің кәсіби әлеуетін үздіксіз жетілдіру және іс-тәжірибе тарату мақсатында (магниттік мектеп ұстаздарын қоса алғанда) кәсіби желілік қауымдастығы ұйымдастырылған. Бұл тірек мектеп базасында ауқымды ЖОО мен басқа да білім беру мекемелерімен ғылыми-пркатикалық конференциялар, әдістемелік семинарлар, кездесулер, ашық есік күндері, танымдық іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, 2017 ж. «Тірек мектебі жағдайында (РО) ШЖМ оқушыларын әлеуметтендіру» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар, 2018 ж. «Тірек мектебі (ресурстық орталық) жағдайында оқушыларды әлеуметтендірудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар және т.б. өткізді. Шағын жинақты мектеп оқушысының білім сапасын арттыру мен қоғамға әлеуметтендіру мақсатында жан-жақты бағыттағы ұйымдастырылған іс-шаралар мен тәжірибелер аясында, сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайындағы үздік тәжірибе үлгілерін тарату аясында №25 Ақтөбе тірек мектебі(РО) «Лучший тірек мектебі» республикалық байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, мектеп ұжымы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хатымен марапатталды. 2020-2021 оқу жылында «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясын жеңіп алып, облыс әкімінің 1 млн тг. сертификатын иеленді.
Тірек мектепте (РО) оқушы тұлғасын әлеуметтендіруге бағытталған 14 үйірме, 1 клуб жұмыс жасайды. Аталған үйірмелер мен клубқа қатысатын оқушылар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, түрлі жарыстарда, байқауларда оза шауып жүр. Соңғы үш жылда аудандық пән олимпиадаларында -26 оқушы, облыстық пән олимпиадаларында-5 оқушы, республикалық қашықтық олимпиадаларда - 57 оқушы, халықаралық қашықтық олимпиадада -10 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Аудандық ғылыми жарыстарда-32 оқушы, облыстық ғылыми жарыстарда-22 оқушы, республикалық ғылыми жарыстарда -4 оқушы жүлделі орындарды иеленді.
Мектеп педагогтарының ғылыми еңбектері республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларының 75 жинағында жарық көрді. Оқу-әдістемелік құралдар жариялауы бойынша: педагогтар мектепішілік - 7, желілік бағытта - 10, ЖОО профессор-оқытушылармен бірлестікте 3 әдістемелік нұсқаулық, 4 авторлық бағдарлама жарық көрді.
Тірек мектептің (ресурстық орталық) тәжірибесі оқушылардың қоғам талабына жылдам бейімделуіне, болашақ кәсіби маман иесі жолындағы жаңа өзгерістерді жағымды қабылдауына, цифландыру кеңістігін еркін меңгеруіне арналған үлкен мүмкіндік.