Болашақ жастардың қолында
Болашақ жастардың қолында
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.
Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді. Арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.
Осы орайда кеше 23 қаңтар күні Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Бұл шараға Ақтөбе ауылының жастары үлкен ыждахаттылықпен назар салды. Қазақ Елінің Әнұранын музыканың сүйемелдеуінсіз жанды дауыста орындаумен басталған салтанатты шара әсерлі басталды. Елбасы мен жастар арасында ұрпақтар үндестігін, қазақ руханиятын, ұлттық ұстаным мен мемлекеттік мәртебені, қазақстандық толеранттық пен құндылықтарды ұлықтаған жарасымды, салиқалы сыр-сұхбат өрбіді. Шараға Үкімет мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты. Бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілерінің бас қосты.
«Бүгінгі әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын барлығыңыз білесіздер. Мысалы, Фейсбукті Марк Цукерберг 19 жасында ойлап тапты. Майкрасофты Билл Гейтс 20 жасында, Aplle компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрғанын үлгі етті. «Талантың 90 пайызы еңбек», - деп Эйнштейн айтқандай жастарды оңай ақшаның соңынан қумай, адал ақша табуға шақырды.Өз сөзінде ЭКСПО нысандарының бірі стартап-жобаларды әзірлеумен айналысатын жастарға берілгенін атап өтті.
Елбасы Қазақстанның 200 жасы өз шаруаларын жасап жатқандығына тоқталды. Сонымен қатар «Мен баяғыда арнайы бір үлкен ғимарат салып, бірдеме жасап, оны ары қарай дамытамын деген балалардың барлығына мүмкіншілік жасау керек деп ойлаушы едім» деген пікірін жеткізді. Жастардың ойлап тапқан жобаларын коммерциализациялауға көмектесу қажеттігін атап көрсетті. Халқымызда «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөздің айғағы болатын жастарымыздың бар екендігі көңіл қуантатынын айта келе, «Барлық жастарымызға жол ашу маңызды»,-дей келе, жастарды жаңашылдық пен өзгеріске, еңбекқорлыққа шақырды.
Жастар саясатындағы негізгі жетістіктерге бірлескен ортақ күш-жігер, өзара тәжірибе алмасу мен жастардың білімі мен ілімі арқылы қол жеткізілді. Менің ойымша, жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы бізге – біздің білімімізге, күш-жігеріміз бен патриоттық сезімдерімізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі біздің бақытты өмірімізге, сондай-ақ өз әлеуетіміз бен мүмкіндіктерімізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр. Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын –елдің ертеңгі үміті, сенімді тірегі. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың барлығы егемен еліміздің болашағы – жастар үшін жасалып отыр. Ақтөбе жастары, еліміздің ертеңіне деген сенімі артып, болашаққа үлкен үміт артып, Елбасының барлық бастамаларын мүлтіксіз қолдайтындығын жеткізгім келеді.
Баршаңызды Жастар жылымен шын жүректен құттықтаймын!
№25 Ақтөбе тірек мектебінің (РО)
директоры Г.Әбілдаева